Қазақтың тілі-қазақтың үні!

 ...Өздеріңдей жас өркені бар елдің,
   Ешқашан да  еңкеюге тиісті емес жалауы!
                                      (М.Шаханов)

    Мемлекеттік тілдің 21 жылдығына орай 2010 жылы 5 – 6 наурызда Алматы қаласында KATEV Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен   Қазақ-түрік лицейлерінің және жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тобында және өзге ұлт топтарында оқитын 7,8,9,10,11-сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» атты 2 - республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының жартылай финалы өтті.     Мақсаты – Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету.
   Олимпиадада оқушылардың қазақ халқының тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті секілді ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тұлғаның өз-өзін дамытуына және қабілетін ұштауға ықпал ету міндеттелді.
   Алматы қаласында өтетін Қазақ тілі олимпиадасына Қазақстандағы 30 қазақ-түрік лицейінің және жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ және орыс топтарында оқитын 7,8,9,10,11-сынып оқушыларының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары қатысты.
   Олимпиадаға барлық облыс орталықтары мен Алматы және Астана қалаларындағы 68 мектептен келген 338 оқушы қатысты. Олар 5 наурызда алты бағыт бойынша екі топқа (қазақ және өзге ұлт өкілдері) бөлініп, өз өнерлерін көрсетті. Биылғы Олимпиадада алты бағыт болды: тіл білімі, ән айту, мәнерлеп оқу, сахналық қойылым, ғылыми жоба қорғау және өлкетану.


  Әрбір бағыт бойынша Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Олар 6 наурызда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен салтанатты жабылу рәсімінде KATEV Халықаралық қоғамдық қорының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бағыттар бойынша орын алған оқушылардың мұғалімдері грамоталармен марапатталды.
   Жалпы олипиаданың нәтижесінде мына мектептер «Ең үздік мектеп» номинациясын жеңіп алды:
Шымкент қаласы №2 қазақ-түрік дарынды қыз балалар лицей-интернаты
Шымкент қаласы №1 қазақ-түрік дарынды ер балалар лицей-интернаты
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық         мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернаты
Тараз қаласы Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты

   Ал «Ең үздік команда» номинациясы бойынша төмендегі облыстар жеңімпаз атанды: Жамбыл облысы,  Алматы облысы,  Ақтөбе облысы,  Оңтүстік Қазақстан облысы.

   Олимпиаданың финалы 2010 жылдың 7 сәуірінде Астана қаласында Конгресс-холлда өтеді. Оған жартылай финалдың жеңімпаздары қатысады.