Сейсенбі 07 Қыркүиек

«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы

Батыс Қазақстан облысының  «Дарынды балаларға арналған  мамандандырылған қазақ-түрік мектеп -лицей –интернатында» 4 ақпан күні облыстық қазақ драма театрында «Жарқын болашақ»  қазақ тілі олимпиадасының қорытындысы бойынша  жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау кеші болды.
    Марапаттау рәсіміне Облыстық  білім басқармасы, облыстық және қалалық тілдерді дамыту басқармасы, БҚО педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының басшылары және  Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен  Гуманитарлық академияның ғалымдары,  Құрманғазы атындағы саз колледжінің ұстаздары, облыстық қазақ драма театрының әртістері және лицей ата-аналары қатысты.
    Марапаттау рәсімінде әр бағыт бойынша жүлделі І орынға ие болған  оқушылар өз өнерлерін сахнада қайта жандандырды. Жеңімпаздар тізімі төмендегідей:
1. «Сахна саңылақтары» бағыты бойынша  №11 С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мамандандандырылған мектеп-лицейі мен    №17 мектеп оқушылары;
2. «Әнші бұлбұлдар»  бағытында  №20 мектептің 5 сынып оқушысы Ю.Рязанова;
3. «Мәнерлеп оқу» бағытында №34 мектеп-гимназиясының оқушысы А.Максим;
 Сондай-ақ,  қорытынды кеште әдемі өрілген әуеннің әуезі көкірегіне сәуле боп сіңген   қазақ-түрік лицейінің  жас шәкірті Б.Саргелеков пен өлең табиғатының шыңын бағындырған  С.Аманбаев өз өнерлерімен халықты тәнті қылды.
    Жүлделі орынға ие болған оқушылар мен мектептерге дипломдар мен алғыс хаттар және сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздарға жүлделерін табыс ету  үшін құрметті қонақтар сахна төріне шықты. 
 Кеш соңында   «Жарқын болашақ» олимпиадасының әнұраны болған  «Ұрпақ даусы» әні көкке қалықтады. 
Қорытынды кеш өз мақсатына жетіп, келген қонақтардың көңілінен шығып, өте жоғары бағаға ие болды.