Отаным – құт – мекенім
Pazartesi, 08 Şubat 2010 10:15
Алтайдан сонау Жайыққа дейінгі жалпақ даланы жайлаған Қазақстан –бүгінгі біздің, кешегі ата - бабамыздың құт мекені. Кең далаға көз салсаң ұшар басын сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген, көкжиекке кеудесін тіреген асқар шыңдар, сыңғырлай аққан бұлақтар, майысқан шыршаларды көресің. Осындай сұлу да сырлы табиғат дүниесі бізге оңайлықпен келген жоқ.Қазақ елінің ешкімге ұқсамайтын, иірімге толы терең тарихы бар. Біздің тарихымызда ұялатын ешнәрсе жоқ, керісінше, ата-бабаларымыздың жасаған ерен ерліктерімен мақтанып, оны дәріптей білуіміз кереук.
Бүінгі мамыражай күнге жету үшін қаншама батыр күш – жігерін, қаншама ақын ой - санасын жұмсады. Халықты оятуға, елді сүюге, қорғауға шақырды. Оны М.Дулатовтың « Оян, қазақ » өлеңінен аңғара аламыз:
Оян, қазақ, көзіңді аш, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал қарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты!
Арзанды алданыш етпей, елін,жерін ардақ тұтып, Отанына қызмет етуді алтын арқау етіп өткен асылдар жандар қазақ топырағында жетерлік.
Қазақ халқының басынан кешкен сонау «Ақтабан шұбырындыдан» бастап, бері қарай Ұлы Отан Соғысы,қала берді, 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы қазақ жастарының шырқыраған үні елдің есінен кетпек емес. Сол оқиғалар бүгінгі тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің баспалдағы боллғанын ешкім жоққа шығара алмас.
Ендігі елдің болашағы біздің қолымызда. «Найзаның ұшымен, білектің күшімен » қорғаған қазақ жерін сүю, оған адал қызмет ету – біздің перзенттік парызымыз.
Мағжан Жұмабаев атамыз:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін ! – деп, болашаққа, жастарға үлкен үміт артып кетті. Осы мойнымыздағы жауапкершілікті сезініп, сол үшін оқып жүрген лицейімізден терең білім мен саналы тәрбие алайық.
Жолымбекова Әсел.
Шымкент қазақ – түрік дарынды қыз балалар лицей - интернатының 10 Б сынып оқушысы
Шымкент қазақ – түрік дарынды қыз балалар лицей - интернатының 10 Б сынып оқушысы
