Сәрсенбі 08 Қыркүиек

Бала тәрбиесі – ұлт тағдыры

Құрметті сайт қонақтары!

Осы уақытқа дейін біз сіздерді оқушылар мен ұстаздар тарапынан жасалып жатқан игі шаралармен таныстырып келеміз. Болашақтың тұтқасын ұстайтын азаматтар мен азаматшаларымызды тәрбиелеуде біздің ең басты көмекшілеріміз-ата-аналарымыз.

 


Бүгінгі бетте сол ата-аналарымыздың да пікірін алып, олармен сұқбаттаса отырып, өздеріңізбен бөліскенді жөн санадық. Орайы келгенде,   бауыр еті – балаларын бізге оқуға беріп, оларға білім мен тәрбие беруде бізге сенім білдіргендері үшін ата-аналарымызға шексіз алғыс айтамыз. Біз өз мүмкіндігіміз шеңберінде сенім мен үмітті ақтауға бар күшімізді саламыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Олай болса, Тәуелсіз Елдің болашағына  қызмет ететін жас жеткіншектерімізді тәрбиелеуде әрдайым сіздермен бірге болайық, құрметті ата-ана!

Ата-аналармен сұқбаттың беташарын ашқан  - Шора Ормахан ағайымыз үш баланы тәрбиелеп, ұлын-ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі әке, шаңырақтың отағасы.Жеке кәсіпкер, «Ақшатау» фирмасының директоры.

-Аға, әңгімемізді сәл әріден бастасақ... Жалпы  қазақ-түрік лицейлерімен алғаш рет қалай таныстыңыз?  Балаңызды қазақ-түрік лицейіне беруге не түрткі болды?

-  Осыдан бірнеше жыл бұрын, ертеректе  отбасыммен шетелге демалысқа бардық. Ұлым ол кезде  4-сыныпта оқитын.  Демалыс  кезінде жергілікті халықпен, басқа демалушылармен тіл табысуымыз аздап қиынға соққаны  рас. Сол сәтте бізге бір қазақтың қарадомалақ баласы көп көмегін тигізді. Шамасы ол да ата-анасымен демалысқа барған болса керек. Себебі, небары 8-сыныпта оқиды екен. Бірақ, ағылшын тіліне жүйрік, судай ағып тұр. Мен баланың шет тілінде емін-еркін сөйлегеніне қатты қызығып, әңгімеге тарттым.  Ондағы ойым,  ағылшын тілін жоғары дәрежеде үйрететін мектеп болса, өз баламды да сондай алдыңғы қатарлы білім ордасына оқуға беру болатын. Әңгімеден ұққаным- әлгі балақай қазақ-түрік лицейінің оқушысы екен.  Бұған дейін өз басым лицей жайлы естімеген болатынмын. Елге қайтып келісімен, қазақ-түрік лицейлері жайлы сұрастыра бастадым. Тіпті балалары лицейде оқитын ата-аналармен сөйлесіп, пікірлерін алдым.

- Сол кезде қазақ-түрік лицейлері жайлы алған мәліметтердің ішінде сізді таң қалдырған немесе  ойландырған тұсы болды ма?

-Болды. Мені таң қалдырғаны балаларын қазақ-түрік лицейлеріне оқуға берген ата-аналардың 80 пайызы баласының  дұрыс тәрбие алуын бірінші кезекке қойса, 20 пайызы ғана сапалы білім үшін бергендіктерін айтты. Бұл,менің ойымша, өте жоғары баға. Себебі, білім мен тәрбие- егіз.Тәрбиесіз берілген білімнің адамзатқа берері шамалы. Ал, қазақ-түрік лицейлерінде осы қағиданы өте мықты ұстанған өз істерінің шеберлері білім береді. Сондықтан болар, бұл білім ордаларынан түлеп ұшқан шәкірттер тек жақсы жақтарынан танылып, алдыңғы қатарлы ЖОО-ның студенттері атанып, қазіргі таңда елге пайдалы азаматтар мен азаматшалардың қатарын толтыруда. Өзімнің ұлым да 119 балл көрсеткішпен грант негізінде С. Демирел Университетінің «маркетинг және экономика» факультетінде білімін шыңдап жатыр.

- Әңгімеңізден байқауымызша, балаңыз қазіргі таңда ЖОО-ның студенті. Яғни, лицейден түлеп ұшқалы біраз уақыт болыпты. Әйтсе де, әлі күнге дейін лицеймен қарым-қатынасыңызды үзбеген сияқтысыз? Жай мектептерде мұндай жайттар сирек кездеседі, тіпті мүлде болмайды десек жалған болмас. Осы уақытқа дейін арақатынастың үзілмеуінің себебін қалай түсіндірер едіңіз?

- Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Бұл да лицейлердің  өзге мектептерден ерекшеліктерінің бірі болса керек. Лицейлерде ата-ана, ұстаз, оқушы-үштігі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ата-ана комитеті сайланып, лицей әкімшілігімен біріге отырып, көптеген мәселелердің шешімін тауып отырады.Себебі, бұлардың басын біріктіріп, ойландыратын мәселе – бір ғана нәрсе. Балаларымыздың болашағы.  Қазақ «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген емес пе? Дәл осы  даналық сөз лицейлерде іс жүзіне асып жатыр десем артық айтпаспын. Тіпті бес жыл бойы әртүрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырып, балаларымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, сәтсіздіктерін де бірге бөліскен жандарға кәдімгідей бауыр басып қалады екенсің. Қазіргі таңда біздің балаларымыздың ізін басқан жас жеткіншектеріміз лицейлерімізде білім алып жатыр. Олардың ата-аналарына жол көрсетіп, әлі күнге дейін өз тәжірибеммен бөлісіп жүрген жайым бар. Бұған өз басым тек қуанамын. Орайы келгенде, айта кетейін, мен тек өзіміздің Ақтөбедегі қазақ-түрік   лицейімен ғана емес, Қазақстанның қай қаласына барсам да міндетті түрде сол қалада орналасқан қазақ-түрік лицейіне бас сұғып, амандық біліспей кетпеймін. Бұл мен үшін дағдылы жайтқа айналған. Тіпті, бір кездері лицей қабырғасында білім алып, қазіргі кезде үлкен қызмет орындарында жүрген лицей түлектері жыл сайын жиналып, өздері білім алған лицейдің қажеттіліктері болса, мүмкіндіктерінше көмектесіп тұрады. Мысалы, білім саласында еніп жатқан соңғы технология жаңалықтары болып саналатын ақылды тақталар, компьютерлер т.б

- Лицейлерімізде ата-ана, ұстаз, оқушы үштігі тығыз байланыста деп қалдыңыз. Осы сөзіңізді дәйектермен толықтыра түссеңіз?

- Бұған орай, жақында ғана өзіміздің Ақтөбе лицейінде ұйымдастырылған семинарды айтып өтейін. Семинар «Бала тәрбиесі-ұлт тағдыры» деген атпен өтті. Бұл семинарға ата-аналар мен ұстаздардан басқа, Облыстық Білім Департаментінен қонақтар қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Аталмыш семинар шын мәнінде  аты айтып тұрғандай, балаларымыздың тәрбие мен білім сапасын бұдан да  жоғары көтеру жолында өте  пайдалы пікірталас алаңына айналды. Бұған қоса, лицей ата-аналары мен ұстаздар, тәрбиешілер бірігіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық акциясын ұйымдастырдық.  Ата-аналардың қатысуымен өтіп отыратын спорттық жарыстар, табиғат аясына шығып, бірге демалу, жыл сайын Наурыз айында Жаңа Жылды бірігіп қарсы алу- осының бәрі жоғарыда атап өткен «үштіктің» жұмысының нәтижесі болса керек.  

-Аға, лицейлердегі сапалы білімнің ең басты себебі неде жатыр деп ойлайсыз? Осы тұрғыда  сіздің жеке пікіріңіз?

-Әрине, жоғарыда айтып өткен шаралардың бәрі балаларымыздың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, сөз жоқ білім сапасына да әсер етеді. Дегенмен, өз басым, лицей қабырғасындағы білімнің сапасының жоғары болуына басты себеп – балаларымыздың жатақханада тұруы деп ойлаймын. Бұл жерде тәрбиешілердің еңбектері орасан зор. Олар күндіз-түні балалардың қасында болып, олардың барлық сұрақтарына толық жауап беріп, сабаққа дайындалу кезінде түсінбеген тақырыптар болса, түсіндіріп, үлкен сабырлылықпен оқушыларды тәрбиелейді. Тіпті , өтпелі кезең болып саналатын 14-15 жастағы жас жеткіншектердің әрқилы қылықтарына да түсіністікпен қарап, ағалық, әпкелік ақылдарын аямайды.

- «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өмірімен тең» деп жатады халқымыз. Сізбен сұқбаттасып, әдемі әңгіме-дүкен құрғандаймыз. Осы тұста « тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» қалай түйіндер  едіңіз?

- Жоғарыда айтып өткендей, өз басым осы жүйеде қызмет көрсетіп жатқан барлық ұстаздар мен білім саласының мамандарына ризашылығымды білдіремін. Бұған қосарым, болашақта лицейлердің саны арта түссе, лицейлерге  ауыл мектептерінен балалар  көбірек қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қазіргі таңда лицей оқушыларының 95 пайызы қала балалары. Бұған қарап, ауыл мектептерінің білім деңгейі төмен деуге болмайды. Қала балалары лицейге түсу үшін 1-2 жыл бұрын  дайындық дәрістерін көреді. Ал ауыл баласының мұндай мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, лицейге түсу емтихандарындағы логикалық сұрақтар ауыл баласына ауыр болуы мүмкін. Тым болмаса, ауыл мектептерінен келген балалар мен қала мектебінің балаларының білім деңгейін бөлек таразылаған абзал. Қалай десек те ұлт ретінде қалыптасуымызға еңбегі сіңген Алаштың азаматтары, қоғам қайраткерлері  мен ақын-жазушылар, ұлттың қаймағы саналатын танымал тұлғалардың дені  ауылда туып-өскен ғой. Солардың жалғасы да ауылда болмасына кім кепіл? Тағы бір қосарым, біздің Батыс өңірінде қыздарға арналған лицей ашылса деген тілегім бар. Бұл да бәлкім болашақтың еншісінде болар?!..

- Әңгімеңізге рахмет! Тілектеріңіз орындалып, болашақта бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақты тәрбиелеп шығаратын  сапалы білім ордаларының саны арта түссін!

Сізге деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметіңізде табыстар тілейміз!

                                                                                     Сұқбаттасқан: Әлия Өмірзаққызы