Олимпиада туы Атырау қазақ-түрік лицейінде
Суббота, 12 Декабря 2009 16:58
1959 жылы Румынияда тұсауы кесілген Халықаралық математикалық олимпиада 2010 жылы Қазақстанда өтеді.
Олипиаданың ту эстафетасы Германиядан кейін біздің елімізге келді. Алматыдан шығып, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарын шарлаған Олимпиада туы мұнайлы астана Атырауға келіп жетті. Дүниежүзілік интеллектуалдық қауымдастықтың біздің еліміз-Қазақстанды 2010 жылы өтетін 51-ші олимпиада ұйымдастырушы мемлекет ретінде таңдауы-біз үшін,білімді жастар үшін үлкен қуаныш, мәртебе!
Елімізге, еліміздің дарынды жастарына көрсетіліп отырған сенім мен құрмет, біздерді, Атырау қазақ-түрік лицейінің шәкірттерін жігерлендіріп, білім шыңының биігіне жетелеп, олимпиадаға қызығушылығымызды арттырып отыр.
Олимпиада Туын лицей шаңырағында салтанатты түрде қарсы алып, білім мерекесін өткіздік. Салтанатты жиынға математика ғылымына зор үлес қосқан өзіндік таңбасы бар ғалымдар: Ихсанов Ерсайын-физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, АИГИ ректоры Абдиров Аққабыл-Атырау Мемлекеттік университетінің доценті, Фазылов Сұңғат облысқа танымал математик қатысып, оқушыларға халықаралық математикалық олимпиаданың тарихы туралы айтты. Лицей оқушыларының ұйымдастыруымен “білім көрмесі”,”қабырға газеті” “математикалық – логикалық ойындар” өткізілді.
