«KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры лицейлерге білікті маман дайындау, бұл оқу орындарының басшыларын дайындап, сынақтан өткізу, әдістеме жұмыстарын жүйелеу, оқулықтар мен оқу құралдарын жасау, қабылдау емтихандарын бір орталықтан бақылау және т.б. жұмыстармен айналысады.

Сондай-ақ, «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры лицей оқушылары мен ата-аналарының, ұстаздар ұжымының қатысуымен түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырады. «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры да мемлекеттік тілге қолдау көрсететін шаралардан тыс қалған емес.

Дәлірек айтсақ, аталған қордың қолдауымен Қазақ тілі оқулықтары, қазақ тіліндегі университетке дайындық кітаптары, қазақ тілін үйренушілерге арналған электронды оқулықтар, қазақ тілі мұғалімдеріне көмекші оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді. Қазіргі кезде бұл оқулықтарды орта білім беретін мектептер мен мекемелер өз кәдесіне жаратуда. Қор мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мектеп оқушыларының арасында Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Жыл сайын болып өтетін олимпиадаға республикамыздың түкпір-түкпірінен 5000-ға жуық оқушы іріктеліп алынып, финалда 1000-ға жуық шәкірттер өз білімдерін ортаға салады. «Жарқын болашақ» олимпиадасы бірнеше бағыттан тұрады. Олимпиадада қазақ тілі грамматикасы, қазақша мәнерлеп сөйлеу, қазақ халық әндерін орындау, қазақ ақын-жазушыларының, драматургтерінің шығармаларын насихаттау, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ғылыми жұмыстарды анықтау мақсатында түрлі ғылыми жобалар қорғалады. Бұған қоса, оқушылардың әдебиетке қызығушылықтарын арттыра түсу үшін көркем шығармалар жазудан жарыс өткізіледі. Бұл жарыстың нәтижесі бойынша, ең жақсы деп табылған шығармалар сұрыпталып, кітап болып басылып шығарылады.

Сондай-ақ, жыл сайын «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры Түркияның астанасы – Анкара қаласында 100-ден астам мемлекеттің өнерпаздарының қатысуымен өтетін өнер додасына оқушыларымызды дайындап қатыстырып келеміз. Біздің оқушыларымыз қазақ халқының салт-дәстүрін бейнелейтін сахналық көріністер көрсетіп, домбыра мен қобыздың шанағынан күй төгілтіп, мың бұралған биші қыздарымыз ұлттық би билеп, көрерменнің көзайымына айналды. Олардың өнеріне тәнті болу арқылы жиылған қауым қазақ халқының бай өнері мен мәдениетіне қанығып жатады.

Жыл сайын «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ-түрік лицей оқушыларының арасында «Болашақ жастардың қолында» атты білім олимпиадасы өткізіледі. Олимпиаданы негізгі мақсаты оқушылардың білім деңгейлерін бағалай отырып, болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын нағыз білімді, көп тілді меңгерген, Отанына адал азаматтар мен азаматшалардың өресін өсіру болып табылады.