Лицейлер
Қазақ-түрік лицейлері
ХХІ ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес.
Сондықтан осы білім мекемелерін ашуға еңбек сіңіргендерге алғыс айтқым келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Қазақ пен түрік - түп шежіресі ортақ , тарих тамыры бір туысқан халық. Екі халықтың да көңіл төрінде Қорқыт ата әңгімелерінің кейіпкерлері мен Ахмет Яссауи даналығының жарқын іздері бар.
Қазақ –түрік лицейлері бабалар аңсаған арманның шындыққа айналған түрі.
Аталмыш білім ордалары ең алғаш 1992-1993 оқу жылында екі ел Президенттері Н. Ә. Назарбаев пен Т. Өзалдың қолдауымен ашылған болатын. Ол кезде 4 лицей болса, қазіргі таңда лицейлердің саны 28-ге жетті.
Қазақ-түрік лицейлерінің мақсаты

Білімді, көп тілді меңгерген, өз елінің ертеңі үшін болашақта бәсекеге қабілетті, Отансүйгіш, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, өз ұлтының құндылықтарын бойына сіңірген және оны қорғай алатын болашаққа үлкен үмітпен және сеніммен қарайтын, достық пен бауырмалдықты бойына сіңірген бейбітшілік пен келісімде өмір сүруді ғұмырына ту еткен жас ұрпақты тәрбиелеп шығару.
Қазақ – түрік лицейлерінде төрт тілде білім беру жүйесі
Қазақ – түрік лицейлерінде тіл үйретуге ерекше мән беріліп, оқыту процесінде бүкіләлемдік озық әдіс-тәсілдер қолданылады.
Аталмыш білім ордаларында төрт тілде (қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше) білім беріледі. Дәлірек айтар болсақ, шет тілі (ағылшын тілі), математика, информатика, физика,химия, биология пәндері ағылшын тілінде; қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тілі (орыс сыныптары үшін), қазақ әдебиеті (орыс сыныптары үшін), қоғамдық білім негіздері, құқұқ негіздері, Қазақстан тарихы, жалпы тарих, география, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндері қазақ тілінде; русская речь, русский язык, русская литература орыс тілінде өтеді. Түрік тілі пәні түрікше оқытылады.
Қазақ тілі (қазақ тобы)-қазақ мектептері деңгейінде
Қазақ тілі (орыс тобы) – орыс мектептеріне қарағанда тереңдетілген деңгейде
Орыс тілі –қазақ мектептеріндегі орыс тілі деңгейінде
Ағылшын тілі бойынша 7 – сыныпты бітірген кезде оқушылар белгілі бір деңгейде ауызекі сөйлеу тілін еркін меңгереді.
11- сыныпты бітірген кезде ағылшын тілінің Advenced деңгейін толық меңгеріп шығады. Түрік тілі – 7-сыныпта бастауыш деңгейде, одан жоғарғы сыныптарда қалыпты деңгейде оқытылады.
Қазақ –түрік лицейлерінде мемлекеттік тілді оқыту
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деп Қ. Мырзалиев айтқандай, қазақ – түрік лицейлерінде шет тілдерін меңгертумен қатар, қазақ тіліне ерекше көңіл бөлінген. Жоғарыда атап өткендей, ҚТЛ білім беру жүйесінің оқу-тәрбие бағдарламасының басты мақсаттарының бірі ұлтжанды, нағыз Отансүйгіш және ұлттық құндылықтарына мұрагер болатын ұрпақты тәрбиелеу болғандықтан, қазақ тілінің қазақ халқының ана тілі және мемлекеттік тіл ретінде меңгерілуі – міндетті және маңызды. Сол себепті, қазақ –түрік лицейлерінің қазақ тілі пәні мұғалімдері мен қазақ тілі бірлестігінің ұйымдастыруымен, «КАТЕV» ХҚҚ-ның қолдауымен қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсытында «Қазақ тіліне – басым қолдау» атты тіл фестивальдарын ұйымдастырды. Бұл фестиваль Қазақстанның барлық қалаларында өткізілді. Фестивальға мұғалімдермен бірге оқушылар да белсене атсалысты. Бұған қоса, қазақ тілі бойынша лицейлер арасында 8-11 сыныптар арасында жыл сайын қазақ тілі олимпиадаларын өткізу үрдіске айналған. Бұл олимпиаданың оқушыларға берері мол және қалыптасқан облыстық, ауданаралық өтетін олимпиададан ерекшелігі – тек грамматикамен ғана шектелмей, оқушыларды жан-жақты қабілеттерін аша түсуіне де ықпал етеді. Дәлірек айтатын болсақ, аталмыш олимпиада бірнеше бағыттан тұрады.
1- бағыт. «Тіл білімі» бағыты.Бұл бағытта оқушылар қазақ тілі грамматикасы бойынша білімдерін сынайды.
2- бағыт. «Сөз мәнері» бағытында қазақша мәнерлеп сөйлеуге машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, көркем шығармаларды нақышына келтіріп оқу бойынша сайысқа түседі.
3- бағыт. « Әнші бұлбұлдар» бағытында қазақ халық әндері мен сазгерлерінің шығармаларын кең көлемде насихаттау және талантты жастарды анықтау, оларды көпшілікке дәріптеу мақсат етіледі.
4- бағыт. « Сахна саңлақтары» бағытында қазақ ақын-жазушыларының, драматургтерінің шығармаларын насихаттау, тәрбиелік мәні бар көріністерді тарату мақсат етіледі.
5- бағыт. « Жас ғалымдар» бағытында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ғылыми жұмыстарды анықтау мақсатында ғылыми жобалар қорғалады.
Бұған қоса, оқушылардың әдебиетке қызығушылықтарын арттыра түсу үшін көркем шығармалар жазудан жарыс өткізілді. Бұл жарыстың нәтижесі бойынша, ең жақсы деп табылған шығармалар сұрыпталып, кітап болып басылып шығарылды. Міне, осы шаралардың бәрі қазақ-түрік лицейлерінде мемлекеттік тілге деген ерекше құрмет пен көзқарастың қалыптасқанынын көрсетеді.
Қазақ –түрік лицейлерінде ағылшын тілін үйрету

Уақыт талабына байланысты ХХІ ғасырда Қазақстандықтар мемлекеттік немесе жеке бас істер барысында халықаралық қатынастар жасайды. (Бұл саяси, экономикалық, білім және технологиялық байланыстар болуы мүмкін.)
ҚТЛ білім ордаларында жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытудағы мақсат – ғылым мен технология саласында (аударма арқылы емес, тікелей мағлұмат алу және зерттеу арқылы уақыт ұту)жарысу, артта қалмау.
Сапалы аудармалар жасап, мемлекетке білім мен технология жаңалықтарын енгізу де – шет тілін білудің жемісі. Демек, жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту – дүниежүзілік қатынас тілін меңгерту – Қазақстан мемлекетінің болашағы мен жастары үшін ұтымды.
Бұған қоса лицей оқушылары жыл сайын Америка және Ұлыбританияда жаз айларында тіл үйрену курстарына барады. Бұл курстарда оқушылар әрі демалып, әрі жат елдің мәдениетімен таныса отырып, ағылшын тілін терең меңгереді.
Қазақ –түрік лицейлерінде орыс тілін оқыту
Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Орыс тілі осы ұлт өкілдерінің күнделікті қарым-қатынасында біршама қызмет етеді және орыс тілін үйрену қажеттілігін ортаға қояды. Сондай –ақ, лицейлерге қабылданушылар арасында орыс мектептерінен келген оқушылар бар. Осыған орай, олардың бұл тілді ұмытпауы, шет елдік және басқа ұлт оқушыларына бұл тілді үйрету назарға алынуда.Орыс тілінде ғылым мен өнер салаларындағы ортақ тарихи байланысы болғандықтан, Қазақстанның кешегі, бүгінгі және ертеңгі қарым-қатынасы үшін бұл тілді үйрету – шарт.
Қазақ – түрік лицейлерінде түрік тілін үйрету
«Жеті жұрттың тілін біл,
Жеті түрлі ілім біл» – деген аталы сөзге сүйенер болсақ, жетпіс тілді меңгерген ғұлама
Әл – Фарабидің ұрпақтары бүгінгі таңда әлемнің әртүрлі тілін меңгеріп, өз елінің өзге елмен терезесі тең мемлекет болуына үлестерін қосуда. Түрік тілін үйрену тілектес екі елдің мәдени және сауда байланыстарын орнату, сол арқылы бұл мемлекеттердің ізгі ниетті серіктес болуына жол ашады.
Компьютерлік жүйемен білім беру

Қазақ- түрік лицейлерінің білім беру саласындағы мақсаттарының бірі оқушыларға компьютер технонлогиясын терең меңгерту болып табылады.
Сол себепті, қазақ – түрік лицейлері қазіргі заманға сай компьютер сыныптарымен жабдықталған. Оқушыларымыз жаңаша компьютер бағдарламаларын теория мен практиканы ұштастыра отырып меңгерумен қатар, интернет жүйесін қолдану арқылы әлемдегі жаңалықтармен тез арада танысып отырады. Әсіресе шет тілі мен жаратылыстану пәндері сабақтарында компьютер кеңінен пайдаланады.
Қазақ – түрік лицейлеріне оқушы қабылдау

Қазақ –түрік лицейлеріне қабылдау емтиханы жыл сайын сәуір айының соңғы жексенбісінде 6-сынып оқушылары арасында өткізіледі. Емтихан екі турдан тұрады. Бірінші турда тест арқылы балалардың білім деңгейі анықталады. Бұл емтихан Қазақстан бойынша барлық лицейлерде бір күнде бірдей уақытта өтеді. Тест сұрақтары негізінен логикалық сұрақтар мен 6-сынып бағдарламасына негізделген математика пәнінен дайындалған сұрақтардан құралады. Емтихан екі тілде : қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жоғары ұпай жинаған алғашқы 70-100 оқушы (бұл көрсеткіш лицейлердің қабылдайтын оқушы санына қарай өзгереді) 2-кезеңге шақырылады. Оқушылар лицей қабырғасында бір апта бойы сабақ оқиды. Екінші кезеңнің мақсаты- балалардың тіл үйрену қабілеті мен жатақханада жатып оқуға бейімділігін тексеру. Апта соңында балалардың алған білімдері бойынша емтихан жасалады. Жоғары ұпай жинаған, дүниетанымдық білімі жоғары, жатақханада жатып оқуға бейім, зерек, білімге құштар, өзгелермен қарым-қатынас жасай алатын және көпшілік ортада өз-өзін ұстай алатын оқушылар лицейге қабылданады.
Қазақ –түрік лицейлерінің ұстаздар ұжымы
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
(Абай Құнанбайұлы)
Қазақ – түрік лицейлерінде пәндік білімі жеткілікті, оқушымен қарым-қатынас жасауға ерекше мән беретін, қабілетті, жұмысын сүйіспеншілікпен атқаратын, шын пейілді, оқушының көңілін табатын, сыйлы, жауапкершілікті маман-мұғалімдер қызмет етеді. Ұстаздардың біліктілігін арттыра түсу үшін жыл семинарлар мен пән бірлестіктері ұйымдастыратын әдістемелік отырыстар болып тұрады.
Қазақ –түрік лицейлерінің ата – аналар ұжымы
Қазақ –түрік лицейлерінде ата –ана –оқушы және мектеп үштігі бірігіп жұмыс жасауды үрдіске айналдырған. Себебі, ата-ана да ұстаздар қауымы да бір ғана мақсатты мұрат еткен.
Ата-ана үшін балаларының болашағы қаншалықты маңызды болса, ұстаздар үшін де оқушыларының ертеңгі күнге сеніммен қарайтын нағыз азамат болып шығуы соншалықты маңызды. Осы себепті олар мүмкіндігінше оқу-тәрбие жұмыстарын жұмыла жасайды. Нақты айтар болсақ, лицей қабырғасында сынып жетекшісі мен тәрбиешісінің жылдық тәрбие жоспарына орай ата-аналар шақырылып, апта сайын оқушылармен өмірлік маңызды тақырыптарда кездесулер өткізіледі. Бұл апталық кездесулердің оқушыларға берері мол. Себебі, ата-аналары балаларымен өз өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.
Сондай-ақ, лицей әкімшілігі тарапынан жыл сайын ата-аналардың қатысуымен лицейішілік, лицейаралық спорттық сайыстар ұйымдастыру қолға алынған. Дәлірек айтсақ, ата-аналар арасында футбол, шахмат, волейбол жарыстары өткізіледі. Жарыстардың жеңімпаздары лицей әкімшілігі тарапынан мақтау қағазы мен сый-сыяпатқа ие болады. Бұл жарыстар Қазақстанның әртүрлі қалаларында өткізіледі. Осындай іс-шаралар ата-ана, оқушы және лицей арасындағы сенім мен түсіністікті, сүйіспеншілікті арттыра түсері сөзсіз.
Қазақ-түрік лицейлерінің түлектері
Өзіңнен өмірге азық ала бердім,
Ұшырып мені алысқа қала бердің.
Кеудемде отың кетті ұшқын атқан,
Келеді жана бергім, жана бергім!
(Аманжол Шамкенов)
Қазақ-түрік лицейлерінен жыл сайын жеткіншектер өмірге жолдама алып, қанаттары қатайып, түлеп ұшып отырады. Олардың әрқайсысы лицей қабырғасында алған білім мен тәрбиесін жауапкершілігі мол ересек өмірде қолдана отырып, өз орталарында сыйлы да абыройлы маман-қызметкер ретінде танылып жүр. Бұлай дейтін себебіміз, қазақ-түрік лицейлерінің түлектері жыл сайын ҰБТ-да (Ұлттық Біріңғай Тестілеуде) өте жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Дәлірек айтсақ, жыл сайын лицей түлектерінің 99 пайызы ЖОО-ң студенті атанады. Қазіргі таңда түлектеріміз Қазақстанның және Шет мемлекеттердің (Америка, Түркия, Австралия, Қытай, Ұлыбритания, Малайзия, Канада, Оңтүстік Корея, т.б) алдыңғы қатарлы ЖОО-да білімдерін шыңдап, таңдаған мамандықтарының нағыз шебер иесі болуда.
Қазақ – түрік лицейлеріндегі оқудан тыс тәрбие жұмыстары
Қазақ- түрік лицейлерінде тәрбие жұмыстары ҚР жалпы білім беретін мектептердің І-ХІ сынып оқушыларына арналған тәрбие бағдарламасының негізінде жасалған. Бұл тәрбие бағдарламасы 9 бағытты қамтиды.
1-бағыт. Оқушыларды ізгілік пен адамгершілікке ұлттық мінез-құлық пен әдет-ғұрып, салт-дәстүр негізінде тәрбиелеу. Бұл бағытта оқушылармен сұқбаттар жасап, лекциялар оқылып,пікірталастар жүргізіледі.
2-бағыт. Бұл бағыт жас жеткіншектерді еңбекке баулуды қарастырады. Осы мақсатта лицей қабырғасында оқушылардың болашақ таңдаған мамандығы бойынша әртүрлі саланың мамандарымен кездесулер ұйымдастырылады. Пікірталастар мен тренингтер өткізіледі.
3-бағыт. Әсемдікке тәрбиелеу және оқушылардың көркемдік қабілеттерін дамыту бағыты. Бұл бағыт негізінде жас ұрпақтың болашақта жан-жақты азамат болып қалыптасуы үшін оларды театрға апару, түрлі конференцияларға қатыстыру, суреттер мен фотосуреттер көрмелеріне апару, деректі фильмдер көрсету қолға алынған.
4-бағыт. Оқушылардың бойына саяси мәдениетті патриоттық сезімді қалыптастыру. Шәкірттердің бойында Отанға, Туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезімдерін егу мақсатында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ,"Туған жер - тұғырың" ,"Қазақстан-Атамекен" деген сынды тақырыптарда кештер, жарыстар, шығарма, сурет, ән сайыстары өткізіліп отырады. Сайыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталады.
5-бағыт. Өз еліне сүйіспеншілікке және халықтар достығына, яғни өзге ұлт өкілдерінің тарихы мен мәдениетіне құрмет көрсетуге тәрбиелеу бағыты. Бұл бағыттың басты мақсаты - көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен жарасымды өмір сүруге, ұрпақтарға қалатын ұлы жерді- ортақ үйімізді аялауға үйрету.
6-бағыт. Экология және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеу. Оқушыларды табиғат аясына саяхатқа шығарып, өздерін қоршаған ортаны аялауға үйретеді. Сондай-ақ, арнайы тәрбие сағаттарында "Қоршаған ортаны қорғау заңымен" оқушыларды таныстырып отырады. Бұған қоса экологиялық білім сабақтары болып тұрады.
Орайы келгенде айта кетейік,осындай шаралардың нәтижесі болса керек, жуырда үстіміздегі жылы 26-31 қазан аралығында Бразилияның Жаңа Гамбург қаласында 22 мемлекеттен 274 жоба қатысқан 24-MOSTRATEC жоба олимпиадасында экология саласы бойынша сайысқа түскен лицей оқушыларының жобасы абсолюттік бірінші жоба ретінде танылып, алтыннан алқа тағып, елге қанжығалы оралды.
7-бағыт.Бұл бағыттың оқушыларға берері мол. Атап айтсақ, жас жеткіншектерді мемлекеттік тілге құрмет көрсетуге, оның қолдану аясын кеңейтуге атсалысуға үйретеді.Бұл бағыттың жүзеге асуы үшіін лицей қабырғасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұған ұстаздар мен қоса шәкірттер қауымы да белсене араласып отырады. Бұл шаралар шығармалар сайысы, саяси-танымдық сабақ түрінде, кездесулер мен түрлі танымдық кеш түрінде де жүзеге асады.
8-бағыт. Оқушыларды білім алуға құштарлығын арттыру. Бұл бағыт оқушыларды қызықтыра отырып, әр оқушының бейімділігін есепке алып, білімге құштарлықтарын арттыра түсуді мақсат етеді. Дәлірек айтсақ, осы бағыттың негізінде оқушыларды ҰБТ-ға, білім олимпиадаларына дайындайтын арнайы курстардың жұмысы жолға қойылған.
Қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары жыл сайын облыстық, халықаралық білім додаларында шашаларына шаң жуытпай, Қазақстанның байрағын жеңіспен желбіретіп жүргені, бұған қоса лицей түлектерінің ҰБТ-да өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуі осындай бағыттың жұмысының толық жолға қойылып, іс жүзіне жүзеге асырылуының және өз мамандығының шебер иелері бола білген лицей ұстаздарының ерен еңбектерінің арқасы болса керек.
9-бағыт. Дене тәрбиесін жетілдіру бағыты. Оқушыларды арнайы дәрігерлермен кездестіріп, оларды толғандырған сұрақтарға арнайы дәрігер - мамандардан жауап алып, ғасыр індетіне айналған СПИД ауруынан сақтану жолдарын түсіндіріп, әртүрлі тақырыптарда сұқбаттар мен пікірталастар өткізіледі.Сонымен қатар, лицейішілік спорт жарыстары ұйымдастырылады.
Жоғарыда атап көрсеткен 9-бағыт қазақ – түрік лицейлерінде оқудан тыс тәрбие жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінгендігінің дәлелі десек қателеспейтініміз анық. Бұған қоса оқушыларды мейлінше жан-жақты етіп тәрбиелеп шығару, қабілеттерін дамыту үшін лицей қабырғасында көптеген қоғамдық-мәдени іс –шаралар ұйымдастырылады.
Осы мақсатпен лицейлерде бейнелеу өнері, ән-би үйірмелері, спорттық клубтар мен компьютер үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл үйірмелер оқушыларды әлеуметтік өмірге дайындайтын баспалдақтар болып саналады. Қоғамдық-мәдени жұмыстар лицей түлектерінің өздеріне сенімі мол, жан-жақты жетілген, мәдениетті азаматтар мен азаматшалар ретінде келешекке нық қадам басуына жол ашады.
Қазақстанға танымал ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, оқушыларды өз елінің тарихы мен мәдениетін жақыннан тану үшін мұражайлар мен Қазақстанның тарихи қалаларын аралату ұйымдастырылады. Жаз маусымдарында тіл үйрену мақсатымен шет елге жіберіледі. Америка мен Ұлыбританияға барып, оқушылар әрі демалып, әрі тіл үйреніп, жаңа достар тауып, көңіл көкжиектерін кеңейтіп отырады.
Лицей-жатақхана
Қазақ-түрік лицейлерінде жаитақханада жатып оқуға оқушылар үшін толық мүмкіндік жасалған. Жатақханада бір-бірімен шет тілінде тәжірибе жасауға, топпен жұмыс істеуге, ұжымдық сананы қалыптастыруға, белгілі тәртіппен сабаққа дайындалуға, өзара көмекке, бірлікке, тәрбиеші бақылауында адамгершілік қасиеттерді үйренуге жағдай жасалған.
Сабақ уақыты біткен соң, кешкі этюд (үй тапсырмаларына дайындық) уақытында сабаққа дайындық болады. Бұл дайындықтардың пайдалы жағы- арнайы кезекші мұғалімдер оқушылармен бірге болып, олардың түсінбеген тұстарын дайындық кезінде түсіндіріп, көмекші болады. Сондай-ақ, әр сынып өз тәрбиешілерімен бірге кешкі мезгілде әртүрлі тақырыпта тәрбие сағаттарын ұйымдастырады. Жатақханаға ата-аналарды шақырып, қонақжайлық танытып, олармен әңгіме-дүкен құрады. Бұл әрі ата-ана үшін, әрі оқушылар үшін пайдалы. Ата-ана баласының қандай ортада тұрып жатқанын, қандай достары бар екенін көзімен көріп, жақыннан танысу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Бұл ата-ана мен оқушылардың және лицей ұжымының арасында сенім мен сүйіспеншілікті нығайта түсері сөзсіз.
