Осыдан үш күн бұрын дүниенің миллионнан астам бағдарлама жасаушыларын біріктіретін HackerRank платформасы университеттердің кодтау бойынша мамандандырылған бағдарлама жасаушыларының деңгейін анықтап, жоғары оқу орындарының рейтингін жасаған болатын. Солардың арасында Алматыдағы білім-инновация лицейінің оқушылары да әлемдік IT-қауымдастықтың тізіміне енген еді. Нәтижесінде рейтингке әлемнің 126 университеті мен колледждердің 5,5 мыңнан аса студенті қатысып, біздің оқушылар 21-орнынға тұрақтаған.

Одан кейін Астана «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Бидәйбек Санжар Халықаралық SAT _Subject_Tests емтиханын тапсырып математикадан барлығы 800 тапсырмадан 800, физиканың да 800 тапсырмасынан 800 балл жинап, яғни, жүз пайыздық көрсеткіш көрсетіп Тәуелсіздік қарсаңында тағы бір қуантқан болатын. Ол осылайша әлем бойынша осы емтиханды тапсырғандар арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен үздік 12 пайыздың ішіне кірді.

Сонымен қатар, республикалық пән олимпиадасының 3 мәрте алтын медаль иегері, А.Бектұров атындағы халықаралық пән олимпиадалардың 2 дүркін жеңімпазы, «Үздік теоретик» номинациясының иегері және тағы басқа да ірілі-ұсақты білім сайыстарының жеңімпазы Семей «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Смағұлов Азамат Шығыс Қазақстан облысының «Үздік жыл оқушысы-2016» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың бағалы сыйлығына ие болып, кубогпен марапатталды. Тағы бір сәт – жаратылыстану пәндерінің ішінде ең күрделісі химия пәніне қызығушылығы оянып, талабы мен ізденісінің арқасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі атану мәртебесіне ие болған Азамат Смағұлов Корея елінің Юнист университетіне оқуға түсті.

Ал, бүгін Алматы және Астана қаласындағы «Білім-инновация» лицейлерінің оқушылары Тәуелсіздік қарсаңында тағы бір ерекше сыйлық жасады. Олар «Оқушылар арасында командалық Бағдарламалаудан Он жетінші жалпыресейлік олимпиадасында» информатикадан ең үздік 204 оқушының ішінен 1 орыннан көрініп, сайыстың абсолютті чемпионы атанды.

Әлемдік білім аренасында еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жас өрендерімізге жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз.

«KATEV» ақпарат

Leave a comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған